1930-1950ж.ж. саяси қуғын-сүргін құрбандарына 1990 жылы Ақтөбе қаласы, Садовое ауылынан 4км солтүстік-шығыста ескерткіш-белгі Түйетөбенің басына орнатылған. Ескерткіш-белгі – стилобад, тұғыр және монуметтен тұрады. Монументтің өзі «Жазықсыз жазаланғандар рухына тағзым», «Жертвам репрессии 30-50-х годов от благодарных потомков. Смерть Ваша безвинна, память о вас вечна» деген сөздер жазылған табиғи тас.
Тарихшылардың есептері бойынша, 30-шы жылдардағы репрессия кезінде Ақтөбе облысында 8 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, оның ішінде 2 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген. Олардың атылып, көмілгені, кейбіреулерінің тіпті Түйетөбенің айналасындағы сайларға лақтырыла салынғаны туралы 1987 жылы ғана белгілі болды. Оны педагогикалық институтының тарих факультетінің Сергей Гуцалов басшылығындағы археологиялық отряды Жаман Қарғалы өзені бойындағы мазарларда қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген кезде анықтады. Көктемгі су тасқыны кезінде адам сүйектері шұңқырдың бетіне шығып қалған еді. Мүрделердің барлығында бас сүйектің желке тұсынан атылған оқ ізі байқалған.
Жыл сайын 31-мамырда осы ескерткіш-белгі Түйетөбенің басында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға жиналып, олардың рухына құран бағышталып тұрады.
2022 жылы 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне байланысты жазықсыз атылған жандар жерленген «Түйе төбе» мемориалында еске алу шарасы өтіп, оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлердің салалық кәсіптік одағының басшысы Қайрат Сабыр қатысты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға жүздеген адам қатысты. Олардың ішінде мемлекеттік мекемелердің, этно-мәдени бірлестіктердің, дін өкілдері, жұртшылық, репрессия мен ашаршылық кезінде көз жұмғандардың жақындары бар.
Марқұмдардың әруағына құран бағышталды. Мемлекеттік, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпорындар мен ұжымдардың атынан белгі тасқа гүл қойылды.
Азаттық жолында және ашаршылық қасіретінен құрбан болған бабаларымызды еске алу, өнегелі іс арқылы өскелең ұрпақтың санасына, бойына отансүйгіштік, елжандылық, ұлтжандылық қасиеттерді сіңіру мақсатында ШЖҚ РМК «РЭДСО» Ақтөбе облыстық филиалының ұжымы әр жыл сайын ескерткіш-белгі орнатылған жерге барып ата-баба рухына тағзым етеді.