22.09.2026
РЭДСО CARINFONET өңірлік желісінің отырысына қатысты
📌 17–18 қыркүйекте Алматы қаласында Орталық Азия республикаларының денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі ақпараттық желісінің (CARINFONET) Саяси диалогы және Басқарушы тобының отырысы өтті.

🔹Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары және халықаралық әріптестер қатысты. 🔹Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығын Бас директоры Сарыбек Нұршат Нұрұллаұлы және Бас директорының орынбасары Тоғызбай Серік Сейдеханұлы РЭДСО-н таныстырды.

🌐 CARINFONET – Орталық Азия елдерін денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді дамыту, медициналық деректердің сапасы мен салыстырмалылығын арттыру, сондай-ақ цифрлық денсаулық сақтау саласындағы практикалық өзара іс-қимылды нығайту мақсатында біріктіретін өңірлік алаң. 2025 жылы Қазақстан үш жылдық мерзімге CARINFONET төрағалық ететін ел болып сайланды.

✔️ Саяси диалог барысында қатысушылар цифрлық денсаулық сақтауды дамытудың ағымдағы нәтижелері мен ұлттық басымдықтарын таныстырып, сондай-ақ өңір елдерінің ақпараттық жүйелері алдында тұрған негізгі сын-қатерлерді талқылады.

🔹Сенімді деректер алмасу, ақпараттық жүйелердің интероперабельділігі, медициналық ақпараттың салыстырмалылығын қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні жауапты қолдану, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту және инвестициялар тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

🔹РЭДСО өкілдері ұлттық цифрлық денсаулық сақтау жүйелерін дамытудың практикалық тәсілдерін талқылауға және Орталық Азия елдерінің бейінді ұйымдары мен халықаралық сарапшыларымен тәжірибе алмасуға қатысты. 📄 Екінші күні Басқарушы топ CARINFONET қызметі туралы ережені әзірлеу жұмысын аяқтап, желінің алдағы кезеңдегі бірлескен жұмысының басым бағыттарын қарастырды.

🔹Кездесудің негізгі қорытындыларының бірі – денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелердің интероперабельділігін қамтамасыз ету аясында Аурулардың халықаралық жіктемесінің 11-ревизиясын (АХЖ-11) енгізу бойынша өңірлік ынтымақтастықты басым бағыт ретінде дамыту туралы CARINFONET мүшелерінің Бірлескен мәлімдемесін мақұлдау болды.

🔹Бұл бағыт CARINFONET-тің 2026–2027 жылдарға арналған жаңартылған жұмыс жоспарына енгізіледі.

🔹Іс-шара Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан Еуропалық одақтың қолдауымен ұйымдастырылды.