Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен кеңес өтіп, онда Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 23 жекелеген ақпараттық жүйеден бірыңғай e-Densaulyq экожүйесіне кезең-кезеңімен көшу, сондай-ақ кадрларды, инфрақұрылымды, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді және санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды басқару жүйелерін енгізу барысы туралы баяндады.
Қазіргі уақытта мынадай цифрлық шешімдер жұмыс істеп, ауқымы кеңейтіліп жатыр:
🔹 Бірыңғай медициналық деректер қоймасы 12 медициналық ақпараттық жүйедегі деректерді біріктіріп, мемлекеттік органдардың 50-ден астам жүйесімен ықпалдастырылған. Цифрлық бақылау ықтимал 31 млрд теңге шығыстың алдын алуға мүмкіндік берді.
🔹 Ресурстарды басқару жүйесі бүгінде 21 мыңнан астам медициналық ұйымды, 221 мың медициналық жабдық бірлігін және 257 мың медицина қызметкерін біріктіреді.
🔹 Дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесі 1,1 млрд-тан астам қаптаманы қамтыды. Дәрілік заттар қорын тиімді басқарудың есебінен 42,5 млрд теңге үнемделді.
🔹 Санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды цифрландыру шеңберінде 203 мың нысан цифрлық бақылауда тұр. Жыл басынан бері 6 513 заң бұзушылық автоматты түрде анықталып, 758 нысан қауіп деңгейіне қарай тексеру жоспарына енгізілді.
🔹 Телемедицина арқылы жыл басынан бері 1 млн-нан астам консультация өткізілді. Қашықтан көрсетілетін қызметтерді 2,1 млн-нан астам адам алды, олардың 39%-ы ауыл тұрғындары.
⬇️⬇️⬇️
🔹 Жасанды интеллект қолданылатын телерадиология жүйесі 400-ден астам медициналық ұйымды біріктіреді. Ол диагностика уақытын 4 еседен астам қысқартуға және патологияларды ерте кезеңде анықтау көрсеткішін 32,2%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
🔹 AKYLМED.AI жүйесі пациенттерді қабылдауға жазу, скринингке шақыру және кері байланыс орнату үшін бірыңғай жасанды интеллект негізіндегі тіркеу жүйесі ретінде жұмыс істейді. Жүйе енгізілгеннен кейін емханаларға келмей қалу жағдайлары үш есеге жуық азайды.
🔹 Медицина қызметкерлерінің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін смарт-бейнетіркегіштер, бейнеаналитика және SOS батырмалары республика бойынша енгізіліп жатыр. Бұл шешімдер қауіп-қатерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр бастаған жұмысты денсаулық сақтаудың толыққанды бірыңғай цифрлық контурын құруға дейін жеткізу және цифрлық шешімдердің азаматтар үшін нақты тиімділігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.