Мемлекеттік жаңа цифрлық платформаны — «Бірыңғай терезе» порталын таныстырамыз: https://eo.ehealth.kz
Бұл – фармацевтикалық саладағы мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жеңілдетуге бағытталған денсаулық сақтау саласын цифрландырудағы маңызды қадам.
Бұл не?
«Бірыңғай терезе» порталы – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу бойынша Композиттік мемлекеттік қызметке құжаттарды тапсырудың бірыңғай платформасы.
Жүйеге кімдер қосылған?
Қазіргі уақытта платформа тәжірибелік пайдалануға сәтті енгізіліп, келесі негізгі ұйымдарды біріктіріп отыр:
- Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы (ДЗМБСҰО);
- Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті (МФБК);
- Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы (ҰҒДСДО).
Порталдың артықшылықтары қандай?
- Құжаттарды тапсырудың бірыңғай нүктесі («бір терезе» қағидаты) – өтінімдерді беруге және олардың орындалу мәртебесін бір цифрлық платформа арқылы бақылауға мүмкіндік беретін орталықтандырылған жүйе;
- Мемлекеттік органдар арасындағы деректердің қайталануын болдырмау;
- Барлық рәсімдердің әр кезеңінде толық ашықтық пен қадағалануын қамтамасыз ету.
Неден бастау керек?
Қызмет көрсету тәртібі, қажетті құжаттар және белгіленген мерзімдер туралы толық ақпаратты порталдағы әрбір қызметтің паспортынан таба аласыз.
https://eo.ehealth.kz сілтемесі арқылы өтіп, жаңа мүмкіндіктермен танысыңыз және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың цифрлық форматының қолайлылығын бағалаңыз!