27.07.2026
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет саланың ресурстарын басқаруға арналған бірыңғай цифрлық жүйе — Денсаулық сақтаудың интеллектуалды платформасын іске қосты
Платформа еліміздегі медициналық ұйымдар, медицина қызметкерлері, медициналық техника және инфрақұрылым туралы деректерді бір кеңістікке біріктірді. Жүйені іске қосу Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылды.

Енді барлық негізгі ақпарат бірыңғай жүйеге жинақталып, ел бойынша ахуалды нақты уақыт режиміне барынша жақын форматта көруге мүмкіндік береді.

Әрбір медициналық ұйымның жеке цифрлық профилі қалыптастырылды. Онда лицензиялар, кадрлық құрам, ғимараттар, бөлімшелер, төсек-орын қоры және медициналық жабдықтар туралы мәліметтер қамтылған. Қазіргі уақытта жүйеде үш негізгі тізілім жұмыс істейді: медициналық ұйымдар тізілімі, кадрлық ресурстар тізілімі және медициналық техника тізілімі.

Платформаны енгізудің ең маңызды нәтижелерінің бірі – лицензиядан кейінгі бақылауды қашықтан жүргізу мүмкіндігінің пайда болуы. Жүйе лицензиялық талаптардың сақталуынан, мамандар сертификаттарының жарамдылығынан бастап кадрлық қамтамасыз ету, емдеу сапасы және медициналық көмектің қолжетімділігіне дейінгі 60 көрсеткішті автоматты түрде талдайды.

Алғашқы нәтижелер де бар. Пилоттық кезең барысында лицензиялық талаптарға сәйкес келмейтін 9 медициналық ұйым анықталды. Автоматтандырылған мониторингтің арқасында мерзімі өткен сертификаттары бар медицина қызметкерлерінің саны шамамен үштен бірге азайып, 3 637-ден 2 448 адамға дейін қысқарды.

Тізілімдерден бөлек, платформа құрамына медициналық нысандардың цифрлық картасы, аналитикалық панельдер, жоғары технологиялық медициналық көмекті басқару құралдары және медициналық көмектің сапасына тәуелсіз сараптама жүргізу сервистері енгізілген.