РЭДСО бас директоры Нұршат Сарыбек «Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі: жаңа сын-қатерлер жағдайындағы даму. Отбасылық дәрігер тәжірибесіндегі дәлелді медицина» атты халықаралық конференцияда баяндама жасады
Баяндамасында ол саланы цифрлық трансформациялаудың негізгі жобаларын — Бірыңғай медициналық деректер қоймасын (БМДҚ), Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені (БММАЖ), сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі цифрлық сервистерді таныстырды.
Оның айтуынша, бүгінде БМДҚ-да Денсаулық сақтау министрлігінің 11 ақпараттық жүйесінің деректері біріктірілген, қазіргі уақытта тағы 12-ден астам ақпараттық жүйені қосу жұмыстары жүргізілуде. БММАЖ медицина қызметкерлеріне арналған бірыңғай цифрлық орта ретінде құрылуда және амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмекті, зертханалық зерттеулерді, электрондық рецептілерді, диспансерлік бақылауды және медициналық құжаттаманы жүргізуді қамтиды.
Жаңа цифрлық сервистердің қатарында электрондық денсаулық паспорты, дәрігерге арналған ЖИ-көмекші және денсаулық паспортының мобильді қосымшасына енгізілетін пациенттің цифрлық көмекшісі бар.
Нұршат Сарыбек атап өткендей, аталған жобаларды іске асыру медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, дәрігерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және деректерге негізделген саланы басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.