Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен РЭДСО делегациясы цифрлық денсаулық сақтау саласындағы тәжірибе алмасу мақсатында Мәскеуге барды
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры Нұршат Сарыбек және бас директордың орынбасары Серік Тоғызбай Мәскеу қаласына жұмыс сапарымен барды. Сапар цифрлық денсаулық сақтауды дамыту және заманауи медициналық технологияларды енгізу мәселелеріне арналды.
Сапар барысында қазақстандық делегация цифрлық денсаулық сақтау саласындағы Ресейдің жетекші ұйымдарының өкілдерімен танысу кездесулерін өткізді. Келіссөздер Ресейдегі ірі телемедициналық платформалардың бірі — «СберЗдоровье» сервисінің командасымен, сондай-ақ «Денсаулық сақтауды ұйымдастыру және ақпараттандыру орталық ғылыми-зерттеу институты» Федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесінің (ФГБУ «ЦНИИОИЗ») сарапшыларымен өтті.
Сапар бағдарламасында медициналық көмекті ұйымдастырудың практикалық тәжірибесіне ерекше назар аударылды: делегация Мәскеудегі №5 қалалық емханаға барып, қолданылып жатқан цифрлық сервистермен, электрондық медициналық жазбалармен және пациенттер ағынын ұйымдастыру тәсілдерімен танысты.
Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігінде сапарға қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы процестерді нақты уақыт режимінде жедел мониторингтеу мен басқаруға арналған ситуациялық орталықтың жұмысын зерделеді. Бұл тәжірибе Қазақстанда саланы басқарудың ұқсас құралдарын дамыту тұрғысынан ерекше қызығушылық тудырады.
Барлық кездесулер үздік тәжірибелермен алмасу форматында өтіп, цифрлық шешімдерді енгізу арқылы Қазақстан азаматтарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталды.