27.07.2026
РЭДСО және Сбербанк денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының бас директоры Нұршат Сарыбек пен Сбербанктің Омбы бөлімшесінің басқарушысы Наталья Корневая денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат медицина саласын цифрлық трансформациялау бойынша тәжірибе мен үздік практикаларды алмасуды, электрондық медициналық құжаттар мен интеграциялық шешімдерді дамыту бағытындағы бірлескен жұмысты, сондай-ақ медициналық ұйымдардың цифрлық жетілу деңгейін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуді көздейді.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының қатарында жасанды интеллект технологияларын енгізу, деректерді талдау, BI-платформаларды дамыту, медициналық статистиканы жетілдіру және бірлескен пилоттық жобаларды іске асыру бар.
«Бүгінде ең үлкен құндылық – тек жаңа цифрлық технологияларды әзірлеу ғана емес, оларды тәжірибеде тиімді қолдану барысында жинақталған сараптамалық тәжірибе. Қазақстандық әріптестермен ынтымақтастық тәжірибені біріктіріп, адамдардың игілігіне қызмет ететін, дәрігерлердің күнделікті жұмысын жеңілдететін әрі медициналық көмекті қолжетімді әрі ыңғайлы ететін цифрлық шешімдерді бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік береді», – деді Наталья Корневая.
Бұл ынтымақтастық цифрлық денсаулық сақтау саласындағы жетекші ұйымдардың бірінің практикалық тәжірибесін ұлттық ақпараттық жүйелерді жетілдіруде, медициналық ұйымдардың цифрлық жетілу деңгейін бағалау әдістемелерін дамытуда және жасанды интеллект технологияларын клиникалық тәжірибеге енгізуді жеделдетуде пайдалануға мүмкіндік береді.