15.09.2022

ЕМХАНАҒА ТІРКЕЛУ НАУҚАНЫ ТУРАЛЫ

Елімізде ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен 15 қарашасына дейін тұрғылықты тұратын жеріне байланысты бастапқы медициналық-санитарлық  көмек көрсететін ұйымды еркін таңдау бойынша жылсайынғы екі айға созылатын науқан жалғасып келеді. 

Науқанның мақсаты - қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын азаматтарға емдеу мекемесін ауыстыруға мүмкіндік беру.
Науқан кезінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымына тіркелген азаматтар медициналық көмекті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шеңберінде және міндетті әдеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасауы тиіс.
Кез келген азамат тек бір әкімшілік медициналық ұйымға ғана, өзінің ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) арқылы тіркеле алады.
Медициналық қызмет алу үшін емхананы таңдау кезінде әр азамат учаскелік дәрігердің көмегіне жүгінуді, және де қазіргі кездегі орын алған еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, өзінің тұрғылықты тұратын жеріне жақын емхананы таңдауы абзал. Таңдаған емхананың үйге жақын маңда, жаяу жүргенде 15-20 минуттық жерде болғаны дұрыс. Бұл үйде біреу ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді.

Азаматтар Электронды үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы электронды цифрлық қолтаңбасы немесе ұялы телефон арқылы бірреттік парольмен тіркеле алады. Денсаулық сақтау бөлімінде «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана азамат туралы ақпаратты (жеке басты куәландыратын құжаттар туралы мәліметтерді) мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады.
Порталдағы орындалған шара сәтті болған жағдайда, азаматқа медициналық ұйымнан тіркелгені немесе тіркелмегені туралы хабарлама беріледі.
Сондай-ақ, қазір қай емханада тіркеліп тұрғаныңызды да egov порталындағы Жеке кабинет арқылы анықтап біле аласыз. Егер бұрынғы емхана қызметі көңіліңізден шығатын болса қайта тіркелудің қажеті жоқ.

Халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға тіркеле алады. Ол үшін өз бетімен өтініш жазып, жеке басын куәландыратын құжатты беруі қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, бала кезінен мүгедек баланың заңды өкілдері, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронаттық тәрбиешілер және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын басқа да оларды алмастыратын адамдар (заңды өкілдер); сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген, колонияларда өтеп жүрген сотталғандар (өтеу орны бойынша), студенттер, сондай-ақ медреседе оқитын студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер; шет мемлекеттерде туған балалар;
сәбилер, жетімдер, қарттар үйлерінің және басқалардың қамқорлығындағылар; бекітуді сенімхат бойынша рәсімдейтін; бекітуді шарт болған кезде ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) шарты бойынша ресімдейтін адамдар жатады. 

БМСК ұйымдарына жүгіну кезінде осы ұйымның мамандары «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесінде бекітуге өтінім береді. Өтінім түскен ұйымның маманы бекітуге берілген өтінімді қарап, өтінімді қабылдау немесе негізделген бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Бұл мемлекеттік қызмет құжаттар өткізілгеннен кейін 1 (бір) жұмыс күннің ішінде көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтерді көрсету өтінімі БМСК көрсететін ұйымның жұмысы аяқталуға 2 сағат қалғанда (жұмыс күні сағ. 18.00-ге дейін) қабылданады.
Пациент Портал арқылы өтінім бергенде, оған бекітілгендігі немесе негізделген бас тарту туралы БМСК көрсететін ұйымның электронды-цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған «Жеке кабинетіне» электронды құжат түрінде хабарлама келеді.
Портал арқылы мемлекеттік қызмет порталда жүгінген күні көрсетіледі.
Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне құқылы. Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. 

Әрбір азамат өзінің бекітіліп тұрған медициналық ұйымының қызметін қажет деп тапса, онда қайта бекіту науқанына қатыспауына болады. Бұл жағдайда бекіткен ұйымы аталған азаматты келесі жылға автоматты түрде тіркейді.
Бұл науқанды жылына бір рет пайдаланып, бір ұйымды ғана таңдай алады. Тек азамат өзінің тұрақты тұратын жерін ауыстырғанда, жұмысын өзгерткенде, оқуға түскен жағдайда қайта бекітіледі.
Ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар қазіргі кезде бекітілген емханаларына қаралады.




ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК ШҚО филиалының директоры  Айнұр Хасенқызы Мамырбекова