Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі А.В. Цойдың төрағалығымен денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру мәселелеріне арналған кеңес өтті
Кеңес барысында денсаулық сақтау вице-министрі Е.Д. Оспанов баяндама жасап, денсаулық сақтау жүйесінде іске асырылған және жоспарланып отырған цифрлық шешімдер туралы ақпарат ұсынды.
Талқылаудың негізгі өзегі - ақпараттық жүйелерді интеграциялау, аналитиканы, цифрлық сервистерді және жасанды интеллект технологияларын дамыту арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, саланы басқару тиімділігін және ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыру мәселелері болды.
Баяндамада әкімшілік және клиникалық практикаға цифрлық шешімдерді енгізу тәсілдері, оның ішінде клиникалық шешімдерді қолдауға, процестерді автоматтандыруға және медициналық көмектің сапасын арттыруға арналған жасанды интеллект құралдарын пайдалану мәселелері қамтылды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті қызметінің цифрландырылуына, сондай-ақ дәрілік қамтамасыз ету және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау салаларында мониторинг, қадағалау және бақылау бойынша цифрлық құралдарды дамытуға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Smart Data Healthcare бірыңғай медициналық деректер қоймасын дамыту, пациенттер мен медицина қызметкерлеріне арналған цифрлық сервистер, сондай-ақ практикалық денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша іске асырылып жатқан және жоспарланған жобалар туралы мәліметтер ұсынылды.
Кеңесте қаралған мәселелер Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялаудың ағымдағы бағыттары мен кезеңдерін көрсетеді.