ҚР денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде МСАК басым дамыту

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде МСАК басым дамыту

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) жалпы денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Тиімді медициналық-санитариялық алғашқы көмек халықтың денсаулығын жақсартуды, пациенттердің қанағаттануын және денсаулық сақтауға жұмсалатын жалпы шығыстарды төмендетуді қамтамасыз етеді.
Денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында МСАК-ты одан әрі дамыту алғашқы буындағы әмбебап, интеграцияланған, әлеуметтік бағдарланған, қолжетімді және сапалы медициналық көмекті дамытуға бағытталған шараларды тереңдетуді көздейді деп көрсетілген.

Қалалар аумағы бойынша емханалық ұйымдардың географиялық орналасуы халықтың ең аз қамтылған топтары мен мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. МСАК қызметтерін бейінді мамандары бар емханалар да, учаскелік дәрігерлер ғана қабылдайтын МСАК ұйымдары да көрсете алады, соңғылары үлкен материалдық шығындарды талап етпейді. Амбулаториялық-емханалық медициналық ұйымдар – бұл қандай да бір ақпарат немесе медициналық көмек алу үшін «кіру қақпасы», онда алғашқы пациенттерді МСАК дәрігерлері, яғни учаскелік дәрігерлер (педиатрлар, терапевттер, отбасылық дәрігерлер) қарсы алады.
Халықаралық тәжірибе медициналық-санитариялық алғашқы көмекті жетілдіру жөніндегі денсаулық сақтау бағдарламаларының нәтижелілігі медициналық-ұйымдастырушылық технологияларға байланысты екенін көрсетеді, олар:

1) дәлелді медицина қағидаттары негізінде персоналды оқыту технологиялары;
2) отбасы қағидаты бойынша бастапқы буында халыққа медициналық қызмет көрсету технологиялары;
3) халықты жеке және қоғамдық денсаулықты қалыптастыру процесіне тарту технологиясы.

Амбулаториялық көмек қызметтерін, атап айтқанда МСАК орталықтарын немесе емханаларды жетілдіру денсаулық сақтау қызметтерін ұсыну жүйесін қайта құру қажеттілігінен туындайды – қызметтер көрсету сапасын арттыруға, тұрақты өзгерістерді енгізу үшін жүйенің жұмысына жәрдемдесуге бағытталған стратегиялық іс-қимылдарды енгізу процесі. Мұндай процестің маңызды бөлігі медицина қызметкерлерін дәлелді медицина қағидаттарына негізделген білім мен қызмет көрсету технологияларына оқыту болып табылады. Өзгерістердің түпкі мақсаты денсаулық көрсеткіштерін жақсарту болып табылады.

МСАК қызметтерін отбасылық қағидат бойынша ұйымдастырудың жаңа технологиялары көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түрлерін бейінді мамандардан бастапқы буын деңгейіне беру үшін жақсы негіз болып табылады. Табысқа МСАК ұйымдарының медицина персоналын бейінді қызметтердің мамандарымен бірлесіп міндетті оқытуға және көмек көрсету кезінде олардың тұрақты өзара іс-қимылы мен сабақтастығына кепілдік бере алады. Амбулаториялық қызметтер пакетін МСАК қызметтері мен бейінді қызметтерге мақсатты жоспарлау және кезең-кезеңмен бөлу – бұл аумақтар деңгейіндегі денсаулық сақтау менеджментінің маңызды бөлімдерінің бірі.   

МСАК орталықтарының басты ерекшелігі қоғамдастықтың осал топтарына ерекше назар аудара отырып, пациенттің мүдделеріне бағдарлану болып табылады. Еліміздің барлық тұрғындары медициналық-санитарлық алғашқы көмек қызметіне қол жеткізе алады. Денсаулық сақтау жүйесінде штатта психолог мамандары мен әлеуметтік қызметкерлері бар әлеуметтік бағдарланған медициналық ұйымдар жұмыс істейді, бұл қызметтердің неғұрлым кең спектрін көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл амбулаториялық-емханалық буын деңгейінде медициналық көмектің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл жанама түрде стационарлық қызметтерге шығындардың медициналық тиімділігін арттыруға әсер етеді. МСАК деңгейінде көмек неғұрлым тиімді көрсетілсе, стационарлық көмекке жолдамалар жағдайлары соғұрлым аз болады, сондай-ақ созылмалы науқастар жедел жәрдемді аз шақыратын болады.    

Бастапқы буынның қатысуымен мақсатты бағдарламаларды орындау белгілі бір қызметтерді бастапқы буын дәрігерлері мен бейінді мамандар арасында қайта бөлуге мүмкіндік береді. Бұл халық үшін профилактикалық қызметтерінің қолжетімділігін айтарлықтай кеңейтеді. Мақсатты бағдарламаларды интеграциялауды зерттеудің алынған нәтижелері денсаулық сақтау жүйесіндегі ресурстарды тиімді басқару құралы ретінде олардың мүмкіндіктерін айқын көрсетеді. Бейінді қызметтерді медициналық-санитариялық алғашқы көмекке интеграциялау денсаулық сақтау жүйесінің қызметінде фрагментарлықты және қысқа мерзімді нәтижелерге бағдарлануды еңсеруге мүмкіндік береді, әртүрлі деңгейдегі медициналық ұйымдар арасындағы жаңа әріптестік қатынастарды дамытады. 
МСАК қызметтерінің сапасын арттыру үшін ақпараттық жүйелерді одан әрі енгізудің маңызы зор. Осылайша, МСАК қызметтерін есепке алу және жоспарлау мақсатында бірқатар ақпараттық бағдарламалық кешендер жұмыс істейді. Олардың бірі – «Бекітілген халық тіркелімі» (бұдан әрі – БХТ), ол тіркелген жері бойынша халықтың электрондық есебін жүргізуге көмектеседі.
Азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымына бекіту бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде дәрігерді, медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы ескеріле отырып, тұрақты немесе уақытша тұратын, жұмыс істейтін, оқитын жері бойынша жүзеге асырылады. Азамат дәрігер мен емхананы еркін таңдаған жағдайда, емханаға тіркелу жылына бір реттен жиі емес жүзеге асырылады. Азаматтарды емханаға тіркеу МӘМС жүйесіне қатысу үшін өте маңызды. Өйткені дәл осы емхана арқылы денсаулық сақтау жүйесіне, атап айтқанда, болашақ сақтандырылған азаматтар үшін - сақтандыру медицинасы шеңберіндегі медициналық қызметтер пакетіне қолжетімділік ашылады.  
Медициналық қызмет көрсету үшін емхананы таңдағанда, үйдің орналасқан жерінің аумақтық жақындығын ескеру қажет. Емхананың жақын орналасуы учаскелік дәрігерге де ыңғайлы: үйге шақырту кезінде ол уақтылы және сапалы қызмет көрсете алады.
Келушілердің емханамен алғашқы танысуы тіркеу орнында басталатындығына байланысты, ол науқастарды емханада және үйде қабылдауды ұйымдастыру және халықтан шағымдардың туындауы бойынша оның маңызды құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Мұнда «Амбулаториялық-емханалық көмек» ақпараттық порталы жұмыс істейді, онда барлық қызмет түрлерін есепке алу және пациенттердің дәрігердің қабылдауына алдын ала және шұғыл жазылуын ұйымдастыру арқылы халық ағынының қарқындылығын нақты реттеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ дәрігерлердің біркелкі жүктемесін ескере отырып, емхана кабинеттерінің жұмыс кестесін қалыптастыру көзделген. Қазақстан тұрғындары «Дәрігерді үйге шақыру», «Дәрігердің қабылдауына жазылу» және «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекітілу» қызметтерін электрондық үкімет сайтында электрондық форматта пайдалана алады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болуы және www.egov.kz электрондық үкімет сайтына кіру қажет. 
Қосымша әрбір емханада халықты қызықтыратын мәселелер бойынша кеңес беру үшін ақпараттық қамтамасыз ету енгізіледі, анықтамалық және диспетчерлік қызметтер құрылады, денсаулық сақтаудың бағдарламалық кешендерін біріктіру бойынша жұмыс жүргізіледі. Нәтижесінде алынған ақпарат әрбір тұрғынның электрондық денсаулық паспортында дербестендіріліп, жинақталатын болады.
Емхана қызметтерінің ақпараттық есебін енгізу келесі міндеттерді шешуге мүмкіндік береді:
бастапқы және қайталанған науқастардың ағынын бөлу;
дәрігердің жүктемесін дәл есепке алу және бақылау;
науқастардың дәрігерлердің күту уақытын азайту.
Қант диабетімен ауыратын, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, жіті коронарлық синдромы бар науқастарды, жүкті әйелдер мен фертильдік жастағы әйелдерді мониторингілеу бойынша бірқатар кіші бағдарламалары бар Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі порталы дәрігерлердің жұмысына айтарлықтай көмек көрсетеді.
Ақпараттық қамтамасыз етуді пайдалану нәтижесінде аналитикалық шолулар мен жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін бағалау үшін медициналық ұйымдардың қызметін бағалау бойынша бағдарламалық кешендердің стандартты шығыс кестелері жасалды. Амбулаториялық қызметтердің жоғары сапасы ғана халықтың қымбат стационарлық қызметтерге деген қажеттілігін біртіндеп төмендетеді. Сондықтан медициналық-санитариялық алғашқы көмектің басым дамуын кешенді бағалау емдеуге жатқызу деңгейінің және қызмет көрсету аумағы бойынша халықтың стационарлық көмегін тұтыну деңгейінің жекелеген жанама көрсеткіштерін де қамтиды.
Халықты жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау процесіне тарту медициналық-санитариялық алғашқы көмекті ұйымдастыру үшін ерекше маңызды. Пациент пен учаскелік дәрігер арасындағы қарым-қатынас дағдыларын кеңейту арқылы денсаулықты сақтау мәселелері бойынша білім негізінде медициналық мәдениетті насихаттау табысты дамуда. Көбінесе білімнің жетіспеушілігі көптеген аурулардың негізгі себебі болып табылады. Сонымен қатар, МСАК деңгейінде денсаулықтың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін халықтың медицина персоналымен неғұрлым тығыз және сенімді байланысы бар жерлерде жаңа технологияларды (клубтар, денсаулық мектептері, волонтерлік қозғалыс және т.б.) пайдалана отырып, ақпараттық жұмысты ұйымдастыруға болады.
Денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын жүргізу мәселелерінде уақтылы ақпараттандыру жөніндегі міндеттерді іске асыру халықтың өмір сүру сапасының мерзімінен бұрын төмендеуіне себеп болатын аурулардың дамуын болдырмауға мүмкіндік береді.
Пациентке бағдарланған денсаулық сақтау жүйесі денсаулықты нығайтуға, аурулардың профилактикасына, ерте диагностикалауға, неғұрлым кең таралған ауруларды емдеуге және диспансерлеуді жүргізуге, үйде оңалту мен паллиативтік көмек көрсетуге бағытталған МСАК қызметтерін басым дамытуды көздейді.   

Пайдаланылған әдебиеттер:
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Еуропалық аймақтық бюро. UN City, Marmorvej 51. DK-2100 Copenhagen Ø, Denmark/ «Қазақстан Республикасында амбулаториялық емдеуге жататын аурулар», «Денсаулық сақтау қызметтерін ұсыну» бағдарламасы, денсаулық сақтау және қоғамдық денсаулық сақтау жүйелері бөлімі
Денсаулық сақтауды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы
Evaluation of the organization and provision of primary care in Kazakhstan: a survey-based project in the regions of Almaty and Zhambyl. Copenhagen: WHO Regional Office for Europe, 2011 ж.

Бұл мақала «Егемен Қазақстан» газетінде 20.10.2017 жарияланды
https://egemen.kz/article/160037-meditsinalyq-sanitarlyq-alghashqy-koemek-onynh-ereksheligi-nede
Авторлары:
ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК: Жамал Шаяхметқызы Тәжікенова – медицина ғылымдарының кандидаты, Анар Сейілханқызы Нұркина – 1-санатты дәрігер Айымжан Идирисқызы Нұрпейісова – 2-санатты дәрігер, Зарина Ибрагимқызы Керуенова – медицина ғылымдарының магистрі